Өскеменде мың жарымға жуық бала техникалық үйірмелерге барады
Оның көбі робототехникамен айналысады

Өскемендік оқушылар робототехника және IT саласында түрліс сайыстарда жоғары нәтиже көрсетуде, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Өскемен қаласының мектеп оқушылары аймақтық, республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарға, хакатондарға, олимпиадалар мен көрмелерге белсенді қатысып келеді.
Облыс аумағында 344 тегін IT-сынып, 150 робототехника кабинеті және 22 STEM-кабинет жұмыс істейді. Бұл орталықтарда оқушылар цифрлық технологияларға қызығушылық танытып, бағдарламалау, 3D модельдеу және робототехника бағыттары бойынша білім алуда. IT-құзыреттерін дамыту үйірмелерді ұйымдастыру, факультативтік сабақтар мен оқу жоспарының вариативті компоненті аясындағы қосымша сабақтар арқылы жүзеге асырылуда, - деп мәлімдеді Өскемен қалалық әкімдігі.
Өскемен қаласында техникалық үйірмелерге 1383 бала қамтылған, оның ішінде 712-сі – робототехникамен, 439-ы – бағдарламалаумен, 232-сі – 3D модельдеумен айналысады.
IT-құзыреттерін тереңдетіп оқыту нақты нәтижелер беруде: информатика, робототехника және STEАM-инженерия бойынша облыстық зияткерлік байқаулардың 33 жеңімпазының 19-ы – Өскемен қаласының мектептерінде оқиды, ал 13-і республикалық жарыстардың жүлдегері атанды.
Жыл сайын "ŞYĞYS ÖRKENІ" IT-хакатоны, "Skills for Geeks" чемпионаты, "New Generation" фестивалі сияқты іс-шаралар өткізіледі. 2024 жылғы 23 мамырда өткен "New Generation" фестиваліне 100-ден астам оқушы 77 жобамен қатысты, олардың ішінде Өскемен қаласының 48 оқушысы 23 жобасын ұсынды.